Эко-театр

2021 жылғы 19 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласының Білім беруді жаңғырту орталығы мен «ӨКМ операторы» ЖШС ұйымдастыруымен жас ұрпаққа экологиялық сана қалыптастырып, қоршаған ортаны қорғау мен қалдық тастау мәдениетін насихаттауға бағытталған ең алғашқы «Эко-театр» салтанатты түрде ашылды.
Эко театрдың ашылу салтанаты оффлайн форматта Нұр-Сұлтан қаласы, Мәскеу көшесі, 17 үй мекенжайындағы «Адал Ниет Астана» ЖҚҚ орталығында Экология, геология және табиғатты қорғау министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, «ӨКМ операторы» ЖШС басқарма төрағасы, «Жас Ұлан» ББЖҰ РҚБ өкілдері, «ЭкоАсар» науқанының көшбасшылары, еріктілер және ата-аналар, оқушылардың қатысуымен өтті.
Инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында театр қабырғасында «Эко-шеберхана» әлеуметтік жобасы іске қосылды. Мұнда келуші балаларға қоршаған ортаны қорғау, қалдықты кәдеге жарату, эко-мәдениетті қолөнер арқылы көзбен көріп, қолмен ұстауды нақты көрсететін болады. Эко-театр базасында ойын аймағы ұйымдастырылып, балаларға экологиялық мәдениет негіздері, қайта өңделетін қалдықтарды үйде сұрыптау, сондай-ақ қоршаған орта үшін бөлек жинаудың артықшылықтары көрсетілді. Мұның барлығы оқушыларға қызықты болу үшін ойын түрінде өткізілді.
Эко-театр жас көрермендер үшін бір айда екі қойылым қоятын болады. Сонымен қатар елордалық мектеп оқушыларының «Эко-шеберхананы» аптасына екі рет тамашалайтын мүмкіндік бар.
Сондай-ақ іс-шара соңында қонақтар мен ата-аналар, оқушылардың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда қонақтар мен қатысушылар «Жасыл Қазақстан» тақырыбы бойынша еліміздегі экологиялық тәрбие төңірегінде әңгіме қозғады. Нұр-Сұлтан қаласының мектеп оқушылары өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды.

Leave a Reply