Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары – жас ұрпаққа аманат

Нұр-Сұлтан қаласының Білім беруді жаңғырту орталығының қолдауымен 2021 жылдың 20 мамыр күні Балалар мен жасөспірімдер туризм және өлкетану орталығы вебинар өткізді.

     Модератор – қауымдастық мүшесі, қосымша білім беру педагогі, Алиева Ләззат Нұрғалыққызы вебинар тақырыбымен және спикерлермен таныстырып өтті.

   Биыл Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойына байланысты қосымша білім беру ұйымдары, соның ішінде қалалық  Балалар мен жасөспірімдер туризм және өлкетану орталығы оқу-тәрбие процесіне идеологиялық тұрғыда қарап, өскелең жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде азаматтыққа, отаншылдыққа тәрбиелеуді мақсат етіп қойып отыр.

    Жұмабаев Батырхан Елікұлы «Ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа танытудағы қасиетті нысандардың атқаратын рөлі» тақырыбында «Жас археологтар» үйірме мүшелерінің Павлодар облысында археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, бабалар тарихынан мол мәлімет алғандары жайында айтты.

   Алиева Ләззат Нұрғалыққызы «Сақ қорғандарының шырақшысы» жұмысында Тәуелсіз еліміздің символына айналған «Алтын адамды» тапқан Бекмұханбет Нұрмұханбетұлы жайында көпшілік біле бермейтін тың материалдарымен бөлісті. «Туристер-өлкетанушылар» үйірме мүшелері Есік қорғандарына барып «Бекен» атамен кездесіп, ол кісінің соңғы батасын алып және соңғы сапарға шығарып салғандығы жайлы естелігімен бөлісті.

   Жакупов Қабанбай Бекетұлы «Ұлытау – ұлт шежіресі» атты жұмысында «Географ-өлкетанушылар»  үйірмесі мүшелерімен қасиетті Ұлытау тауында болып, ежелден сақталып қалған мәдени мұра ескерткіштерімен танысып, балалардың рухтанып қайтқанын айтты.

    Еліміздің бай тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, келер ұрпақты туған өлкесін, отанын сүюге баулу – қазіргі біздің негізгі міндетіміз.

Leave a Reply