«Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы қолданатын инновациялық технологиялар»  қалалық семинар

2022 жылғы наурыз айының 2-сі күні Нұр-Сұлтан қаласының №85 мектеп-лицейі және Білімді жаңғырту орталығының әдіскері Жанар Сейтахметқызының ұйымдастыруымен қазақ тілі сабақтарында инновациялық технологияларды тиімді қолдану арқылы оқушылардың тілдік дағдыларын қалыптастыру, тәжірибе алмасу мақсатында қалалық семинар өтті.

Аталмыш іс-шараны БЖО әдіскері Маманова Жанар Сейдахметқызы бастап, №85 мектеп-лицей директоры Казиева Марал Кадикеновна мектептің миссиясы, ұстанымы және тыныс-тіршілігімен таныстыра келе семинарға қатысатын барлық ұстаздарға сәттілік тіледі.

Директордың бейіндік оқыту ісі жөніндегі орынбасары Кульжанова Айжан Оралхановна «Білім берудегі инновациялық үрдістер» тақырыбында сөз алып, мектептің инновациялық білімді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталып кетті.

Семинар барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, мектеп тренері Нукебаева Бахыт Сейтхановна «Пәндік құзыреттілікті дамыту» коучингін, ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Ташетова Аиымхан Сәлемовна «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында АКТ-ны пайдалану тиімділігі» атты шеберлік сағатын өткізіп, ұстаздарға бағыт-бағдар берді. Ұстаздар Canva, Flippity, Qr код сияқты заманауи әдіс-тәсілдердің, қосымшалардың қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында пайдалануының тиімділігін нақты мысалдар келтіре отырып, өз тәжірибесімен бөлісті.

Аталмыш семинардың тәжірибелік бөлімінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен  8 сабақ көрсетілді. Сабақ барысында мұғалімдер оқушылардың тілдік дағдысын қалыптастыру мақсатында тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

Ермекбаева Айгерім Ерланқызы 2-сынып оқушыларымен “Қызық ертегі” тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақта қолданылған “Пазл”, “Стоп кадр” әдістері тақырыптың жан-жақты ашылуына септігін тигізді. Сабақ соңында  заманауи “Wordwall” бағдарламасымен қызықты ойындар ойнатылды.

Қосылбекова Ақмарал Әскербекқызы 3-сыныпта «Ұлы ұстаз» тақырыбы бойынша сабақ көрсетті. Ыбырай Алтынсариннің «Жаман жолдас» әңгімесімен танысып, жаңа сөздерге анықтама берілді. «Көрсет, айт, ойлан!» әдісі арқылы мәтін бойынша суреттердің ретін тауып, сурет бойынша жоспар құрастырылды. «Wordwall» тақтасы арқылы оқушылар жаман жолдастың әрекетін анықтады.

Манарбекова Асем Манарбековна 8-сыныпта «Жасөспірім физиологиясы» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақ IB бағдарламасына негізделіп, Сын тұрғысынан ойлау технологиясы бойынша  ұйымдастырылды. Сабақтың мақсатына жету үшін  ІІБ инспекторымен ZOOM платформасында тікелей эфирде байланыс жасалып, инновациялық белсенді әдіс-тәсілдер арқылы тапсырмалар орындалды. Сабақтың кері байланысы  “GOOGLE FORMS” онлайн-нұсқаулықпен алынды.

 Қаражігітова Бағдат Өмірбековна 9-сыныптарда Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы тақырыбында ашық сабағы “Биоақпараттандыру және синергетика” технологиясы бойынша өткізілді. Орынға отырғызу матрицасы арқылы оқушыларды мәтін мазмұнын өздігінен жете түсіне білуге жетелеу, логикалық және сыни тұрғыдан ойлау шапшаңдығын, сөздік қорларын дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

         Жұмаханова Назым Нұрғазықызы 10-сыныбында Қайнар Олжай “Жер мен аспан арасындағы дастан” тақырыбында  сабақ берді.  Сабақ барысында қамтылған оқу мақсаты: мәтін мазмұнындағы деректі ақпаратты толық анықтап, негізгі ойға өз көзқарасын білдіру және бағалау. Kahoot сервисімен жасалған жұмыстар оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырып, өз нәтижесін берді.

         Альжанова Дана Қабылкешқызы 5-сыныпта «Өнер – білім бар жұрттар» тақырыбында өткен сабағында қазіргі технология мен білім беруді ұштастыра отырып,  білімленд, ай-мектеп платформаларын ұтымды қолдана білді. Сабақта оқушылардың белсенділігі артып, түрлі платформалармен үнемі жұмыс жүргізіліп отырғаны байқалды.

         Есенова Майра Мейрамбековнаның «Шығанақ Берсиев – атақты диқан» тақырыбында өткен сабағында оқушылар айтылым, оқылым дағдылары бойынша тапсырмалар орындап, деректі, концептуалды, пікірталас сұрақтарын құрастыра білді.

         Амангелдинова Айгуль Кабдешовна 6-сыныпта Қалқаман Әбдіқадыров «Қажымұқан» повесі бойынша өз іс-тәжірибесімен бөлісті. Ашық сабақ қалалық семинар мақсатына сәйкес инновациялық әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана отырып өткізілді. Атап айтқанда, Қ.О.Бітібаеваның «Ойтастау, ойланту, ойлау» технологиясы негізінде жүргізілген сабақ оқушылардың өз бетінше ой қорытып, түйінді ойларын еркін жеткізуге бағытталды. Оқушылар сабақ барысында шығарма кейіпкері Қажымұқанның бойындағы ерекше қасиеттерді талдай келе, бүгінгі өмірмен байланыстыра отырып  өз ойларын дәлелді жеткізе білді.          Семинар соңында мектеп психологы Мерейгуль Тикей ұстаздарға жағымды көңіл күй сыйлау мақсатында «Жақсы көңіл-күй – жан азығы» психологиялық жаттығуын ұйымдастырды. Қатысушылар семинардан кейін түйген ойларымен бөлісіп, алғыстарын білдірді. Сондай-ақ іс-шараны ұйымдастырған Білім беруді жаңғырту орталығының әдіскері Маманова Жанар Сейдахметқызы семинардың қорытындысын жасап, іс-тәжірибесімен бөліскен ұстаздарды алғыс хаттармен марапаттады.

Жауап беру