Бірлескен оқу – сапалы оқытудың негізі

2022 жылғы қаңтардың 20-сы  күні Нұр-Сұлтан қаласының №4  мектеп-гимназиясы және Білімді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен «Бірлескен оқу – сапалы оқытудың негізі» тақырыбында қалалық семинар жүзеге асты. 

Семинар №4 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұлдыз Жүсіпқызының  ұйымдастыруымен өткен «Бірлесе оқыту арқылы медиасауаттылық пен креативті ойлауды арттыру» тақырыбындағы  шебер сыныппен басталды. Атаулы шеберлік сыныбына білім беруді жаңғырту орталығының маманы А.Кулмағамбетова мен Білім беру бағдарламалар орталығының маманы Ж.Аубакирова  атсалысты.  Шара барысында қатысушылар топтарға бөлініп, медиасауаттылық пен креативті ойлауға бағытталған тапсырмаларды бірлесе орындады. 

Қазақ тілі пәнінен  Айнұр Хаметқызы 9 “Б” сыныбында “Табиғат ресурстары” тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақ бірлесе оқу түрлері -топтық, жұптық, үштік одақ жұмыс арқылы өткізілді. Сабақта оқушылар топтаса “Жүгіртпелі диктант” жазып, жұптық жұмысты  “FILA” әдісі арқылы жүзеге асырды. Сонымен қатар, мектеп мұражайының жетекшісі А.Усабаеваның  «Жамбылтану» факультативті  курсы бойынша өткізген сабағы келушілердің жоғары бағасына ие болды. Оқушылардың баба мұрасына деген құрметі, терең білімдері, шығармашылық жұмыстарға құлшыныстары бірден көзге түсті. Сабақ барысында бірлескен жұмыс түрлері оң нәтижесін беріп отырды. Семинар соңын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасы  «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жүргізіліп отырған жұмыс түрлерімен қорытындылады. Мектеп мұғалімдері А. Сейдахметова мен Д. Атыгаеваның өткізген тәрбиелік шарасы оқу сауаттылығы қазіргі қоғамдағы өмірге дайындық үшін ең маңызды көрсеткіштерінің бірі екенін тағы бір дәлелдеді. Б. Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын талдаған оқушылар осы жоба арқылы кітап оқуға ықыластары артқанын да айтып өтті.Аталмыш мектепте дәстүрге айналған 11-сынып түлектерінің 5-сынып ізбасарларына кітап сыйлау үрдісі бүгінгі семинарға жиналған әрбір мұғалімге жақсы ой салды. Семинар соңында  қатысушылар QR   код арқылы  кері байланыc беріп,   іс-шараны  ұйымдастырған Білім беруді жаңғырту орталығына, №4 мектеп-гимназия әкімшілігіне, тәжірибе алмасқан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне алғыстарын білдірді.

Жауап беру