«Cisco» желілік академиясының Халықаралық бағдарламаларын іске асыру бойынша көрсетілген әдістемелік қолдау

Нұр-Сұлтан қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының «Инновациялық жұмыс және ынтымақтастық» бөлімі «Cisco» желілік академиясының Халықаралық бағдарламаларын іске асыру бойынша әдістемелік көмек көрсету мақсатында 2022 жылғы 7 маусымда Ш. Құдайбердіұлы атындағы №56 мектеп-лицейінің базасында информатика пәні мұғалімдеріне арналған офлайн нұсқаулық-әдістемелік семинар өткізді.

«Cisco» желілік академиясының Халықаралық бағдарламасы Нұр-Сұлтан қаласында 2017 жылдан бастап табысты жүзеге асырылуда.

Семинар спикерлері №1 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі, «Cisco» желілік академиясының нұсқаушысы Төлепергенова Дина Досымқызы, «Инновациялық жұмыс және ынтымақтастық» бөлімінің әдіскерлері Шаяханова Роза Ақпанқызы және Яковлев Владислав Александрович «Cisco» желілік академиясы бағдарламаларының бейімделуін және тиісті үлгідегі және түрдегі білім беру ұйымдарына арналған Үлгілік оқу жоспарлары ерекшеліктерін ескере отырып, жобаны іске асыру үшін сағаттарды бөлу әдістемесін ұсынды.

Семинардың практикалық бөлімінде «Cisco» желілік академиясының Netacad платформасында жұмыс істеу ерекшеліктері, білім алушылар үшін курстар құру, оларды редакциялау және «Cisco» Packet Tracer деректерді беру желісінің симуляторында білім алушылар үшін зертханалық жұмысты құру нұсқасы қарастырылды.

Семинар қатысушылары «Cisco» желілік академиясы бағдарламаларын іске асыру, білім алушының мансап процесі, «Cisco» оқу курстарын күндізгі және қашықтықтан оқыту режимдерінде қолдану ерекшеліктері, «Cisco» курсының білім алушылардың ерте бейініне әсері және оқу сыныптары бойынша оқу курстарын жоспарлау бойынша мәселелерді талқылады.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының желілік академияларды қолдау орталығына мектептердің желілік академияларын тіркеу және бекіту рәсімдері қаралды.

Семинар жұмысына «Cisco» желілік академиясының жобасын іске асыратын Нұр-Сұлтан қаласының 15 білім беру ұйымынан (№№1, 3, 4, 14, 25, 27, 31, 35, 37, 38, 53, 75, 79, 80, 83) информатика пәні мұғалімдері қатысты.

Педагогтерге «Cisco» желілік академияларының бағдарламалары бойынша білім алушыларды оқытуда семинар материалдарын пайдалану туралы ұсыныстар мен практикалық кеңестер берілді.

Жауап беру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.