«Эссе жазудың тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында қалалық тәжірибе алмасу семинарының есебі

2022 жылғы наурыз айының 4-і күні Нұр-Сұлтан қаласы №24 орта мектебі және Білімді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен эссе жазудың тиімді жолдарын тәжірибеде көрсету арқылы жас мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында «Эссе жазудың тиімді әдіс-тәсілдері» атты қалалық тәжірибе алмасу семинары өтті.
ББЖО әдіскері Маманова Жанар Сейдахметқызы мектеп мұғалімдерінің қалалық деңгейде атқарып жүрген жұмыстарының барысы туралы сөз алды. №24 орта мектеп директоры С.С. Калиев мектептегі қазақ тілінің оқытылу жағдайы, мұғалімдердің сапалық құрамы туралы ақпаратпен таныстырды.
Семинар теориялық және практикалық бөлімдерден құралған.
Семинардың теориялық бөлімінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Есетова О.Ф., Абдилова Б.Т., Жаңабек Д.Ә. «Сабақ мақсатын жоспарлаудағы эссенің маңызы» тақырыбында шебер-сынып көрсетіп, 2021-2022 оқу жылында қала мұғалімдерінің қолдануына ұсынылған «Жоғарғы сыныптарға эссе жазуды үйрету жолдары» тақырыбындағы элективті курс бағдарламасымен таныстырды.
Семинардың практикалық бөлімінде мектеп мұғалімдері эссе тақырыбына байланысты бағдарламадағы оқу мақсаттарын тәжірибеде жүзеге асыру жолдары бойынша ашық сабақтар көрсетті.
5-сыныпта «Қожаның портреті. Сын есім» тақырыбында оқиғаны сипаттап не суреттеп жазу эссесі, 6-сыныпта «Қазақтың салт-дәстүрлері. Үстеудің мағыналық түрлері» тақырыбында «келісу, келіспеу» эссесі, 7-сыныпта «Пайдалы сусындар. Одағай түрлері» тақырыбында дискуссивті эссе, 8-сыныпта «Д. Исабеков «Әпке» шығармасының тәрбиелік мәні» тақырыбында әдеби эссе, 10-сыныпта «Астана келбеті. Ғылыми және ғылыми-көпшілік стиль атаулары» тақырыбында «келісу, келіспеу» эссесін жазудың тиімді жолдарын өз тәжірибелерінде көрсету арқылы, ашық сабақтар өткізді.
Келесі кезеңде «Оқушы ізденісін дамытудағы эссенің маңызы» тақырыбында коучинг өткізіліп, семинарға қатысушы ұстаздар өз ойларымен бөлісті.
Семинар соңында «PADLET» тақтасы бойынша рефлекция өткізілді. Рефлекция кезінде семинарға қатысушы мұғалімдер ашық сабақтардың өткізілу барысы туралы өз пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын айтты. Семинарға жоспарланған іс-шаралардың жоғары деңгейде, нәтижелі ұйымдастырылғанын атап өтті.

Жауап беру