«Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық қабілеттерін бейнелеу өнері арқылы дамыту» тақырыбында қалалық онлайн семинар

2022 жылғы 2 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен эксперименттік алаң жұмысы аясында №19 «Балбөбек» балабақшасында «Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық қабілеттерін бейнелеу өнері арқылы дамыту» тақырыбында қалалық онлайн семинар өтті. Іс-шараға орталық әдіскерлері, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілері мен әдіскерлері қатысты.
Алғысөзге шыққан балабақша меңгерушісі Тайгонбекова Жанар Малимбаевна семинар дәстүрден тыс сурет салу технологиясын балабақшада бейнелеу өнері арқылы тәжірибе тұрғысынан көрсету мақсатында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
Бейнелеу өнері мұғалімі Еремшеева Ақмарал Ермағамбетқызы «Әдемі орамал» тақырыбы бойынша ұйымдастырылған ашық оқу қызметінде балаларға батик техникасы арқылы матаға дәстүрден тыс сурет салуды үйретті.
«Қарлығаш» мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Ағыбаева Гүлшат Әліханқызы «Ғажайып қысқы табиғат» атты ұйымдастырылған ашық оқу қызметін көрсетті. Педагог балалармен бірге тұзбен сурет салу әдісі бойынша қысқы табиғат көрінісін бейнеледі.
Түтікшені пайдалана отырып гүлге сабынды көпіршіктермен дәстүрден тыс сурет салуды «Балауса» мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Баймагамбетова Динара Ерланқызы «Бейбітшілік – бірлікте» атты ұйымдастырылған ашық оқу қызметінде көрсетті.
«Педагогтерді декупаж өнерімен таныстыру» тақырыбындағы шебер-сыныпта А. Еремшеева қатысушылармен бейнелеу өнерінің дәстүрлі емес «Декупаж» әдісін қадам-қадаммен көрсете отырып, ыдысты безендірді. Француз тілінен аударғанда découper сөзі «кесу» деп аударылады. Декупаж техникасы балаларға өте ұнайды, ол хобби ғана емес, сонымен қатар өте пайдалы болуы мүмкін. Ол мектеп жасына дейінгі баланың қолын жазуға, жұмысқа дайындайды, тактильді дағдыларын дамытады. Декупаж сабақтары – есте сақтауды, зейінді, қиялды, ойлауды жаттықтырудың, дәлдікті, пропорция сезімін дамытудың тамаша тәсілі.
Семинар соңында рефлексия жүргізілді, қатысушылар кері байланыс беріп, ой-пікірлерін білдірді.
Семинарға спикер ретінде қатысып, іс-тәжірибесімен бөліскен педагогтерге Нұр-Сұлтан қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының сертификаттары табысталды.

Жауап беру