Оқимыз. Зерттейміз. Талдаймыз.

2022 жылғы сәуір  айының 22-сі күні Нұр-Сұлтан қаласының Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейі және Білімді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен «Оқуға құштар мектеп-оқуға құшатр ұлт» жобасы аясында «Оқимыз. Зерттейміз. Талдаймыз.» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің тәжірибие алмасу мақсатында  қалалық семинары өтті. 

Семинарды  №76 мектеп-лицей директоры Сейдеш Ботакөз Болатбекқызы атқарылып жатқан жобалар туралы таныстырып, семинарға қатысатын барлық ұстаздарға сәттілік тіледі.

         Директордың бейіндік оқыту ісі жөніндегі орынбасары Ташенова Шайзат Макатаевна сөз алып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің және оқушылардың биылғы оқу жылындағы алған жетістіктері туралы таныстырып өтті және де оқу сағатында атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталып кетті.

Мектебіміздің кітапханашысы Айсұлу Нурбаевна кітапхана тынысымен таныстырып өтті.

Семинардың «Оқимыз» бөлімінде Баяхметова Шынар Оразахметовна,  “Оқу сағатында оқу сауаттылығын қалай қалыптастырамын?” тақырыбында тәжірибесімен бөлісті. Оқылымның теориялық түсінігін аша отырып, оқылым стратегияларын таныстырды. Оқу сағатында оқу стратегияларын қалай жүзеге асырып жатқанын және оқылым стратегияларын ашатын кестелер түрлерін көрсетті. Оқу сауаттылығына мәтіннің бір тектілігі емес көп түрлілігі қажет болғандықтан, тәжірибесінде қолданып жүрген қысқа, тартымды мәтін түрлерін көрсетті. “Оқу сағатының қажеттілігі бар ма?” сұрағына берілген оқушы үнімен таныстырды. Қатысушылар тарапынан тақырыпқа қызығушылық туындады.

      Берденова  Шынаркул Кенжалиевна   “Көркем шығарманы оқытуда жазушы стиліне талдау” тақырыбында баяндама оқыды. Оқушылар көркем шығарманы оқып біткеннен кейінгі мұғаліммен бірге атқарылатын талдау жұмысының ең маңызды да, күрделісі жазушы стиліне тоқталу. Оқу сағатында оқыған Б.Майлиннің “Шұғаның белгісі” шығармасын оқып, жазушы стиліне қалай талдағаны туралы айта  келе, қазақ прозасында өзіндік жазу тәсілі бар ешкімге ұқсамайтын, айтары айшықты, ойы орнықты қаламгердің сөзден оқиға тудырып, оқырманын ерекше ынтықтырып, көркем суретті көз алдына елестететін, шеберліктің мектебін қалыптастырған, шынайылықтың таза үлгісін көрсеткен классик-суреткердің стиліне баға берілді.

Бастауыш сынып мұғалімі Жусупова Орынгүл Қабдулқызы «Оқу сағатын ұйымдастырудың тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында понарамалық сабақ өткізді. Оқу сағаттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында қолданып жүрген «Оқырман күнделігімен» таныстырды. Оқушылар бұрын  шығарманың авторын, шығарманың атауын, кейіпкерлерін жазып жүрсе, енді шығарма туралы ойларын эссе арқылы білдіретінін, мәтінге байланысты сұрақтар қоюды үйреніп, жазылған мәтінге жоспар құратынын атап өтті.  Шығарманың мазмұны бойынша сурет салып, ойларын айта алады. Суреттерге қарап бала мазмұнын есте сақтайды. Мәтінге байланысты бірнеше сұрақтар құрастыруға болады. Құрастырған сұрақтарына өзі жауап ала алады. Кейіпкерлерге, авторға сұрақ қоюларына да болады. Өздері әрі тілші, әрі кейіпкер рөлін атқара алады. «Оқырман күнделігін» қолдану арқылы баланың бойына төрт дағдыны қалыптастыруға болатындығын көрсетіп, үлестірме қағаздарын келген қонақтарға таратты.

        Бастауыш сынып мұғалімі Досанова Қуаныш оқушылардың оқу сағатында тек қана оқылым дағдысын ғана емес, сонымен қоса айтылым, жазылым,  тыңдалым дағдыларын дамытуға арналған әдіс-тәсілмен бөлісті. Бұл әдіс арқылы оқушылармен топ болып мәтін талдауға, әр оқушының көшбасшылық қасиетін дамытуға,  дағдыларын дамытуға болады. Мұғалім өзінің тақырыбына сәйкес мәтінді не шығарманың үзіндісін таңдап алып, оқушылармен жарыс түрінде сабақ өткізу үшін өте тиімді әдісті көрсетіп, тәжірибесімен бөлісті.

    Аталмыш семинардың «Талдаймыз» тәжірибелік бөлімінде қазақ әдебиеті пәнінен  3 сабақ, 1 панелдік дискуссия, 1 үстел үсті ойыны  көрсетілді. Сабақ барысында мұғалімдер оқушылардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру, сөздік қорын байыту мақсатында тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

Уткельбаева Гульмира Калжатаевна Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасымен  8 «Ә» сыныбы оқушыларымен  панелдік дискуссия өткізді. Оқушылар өздерінің шығарманы қаншалықты меңгергендігін модератордың қойған сұрақтарына  эксперт- оқушылар  шығармадан үзінді,дәлелдер келтіре отырып жауап беру  арқылы сүбелі ойларын айтты. Суретші оқушылар шығармадан өздеріне ұнаған эпизодтарды  салу арқылы суреттерді сөйлетті. Модератор аудитория қатысушыларына да  ой пікір айтатын сұрақтар берді. Шығарманы оқу арқылы оқушылар өз бойларына отбасылық, рухани құндылықтарды сіңіре білгені  байқалды.

Хайрат Ақерке   6″Ғ” сыныбы оқушыларымен  “Аңыздар әлемі” атты тақырыбында оқу жылының басынан бастап өткен “Әлдиден эпосқа дейін” оқулығынан алған  білімдерін жинақтау, бекіту негізінде  ROLE PLAY, BOOK BINGO ойынын ойнады. BINGO-ның жеңімпаз тобы анықталып марапатталды.  АКТ технологияларын пайдалана отырып сабаққа кері байланыс берілді.

Калипанов Берік Түркістанович “Оқылым дағдысын қалыптастыру және дамыту жолдары” тақырыбы аясында 5 “В” сыныбы оқушыларымен Бердібек Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа” повесін қайталау бойынша практикалық ойын-сабағы өткізді. Оқылым дағдысына байланысты қызықты  тапсырмалар беріліп,  ойын әдісі арқылы оқушылар оқу сағатында оқыған повесі бойынша сұрақтарға жауап беру арқылы білімдерін сынады. Ойын тартысты, қызықты өтті. Нәтижесі кері байланыс арқылы берілді.

Досанова Еркеназ Амантаевна 5 “Ғ” сыныбымен Бердібек Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа” повесі бойынша  зияткерлік үстел ойынын  өткізді. Қызықты үстел ойыны арқылы оқушылар оқу сағатында оқыған повесі бойынша сұрақтарға жауап беру арқылы білімдерін сынады. Ойын тартысты, қызықты өтті. Нәтижесінде жеңімпаз оқушылар мадақтамамен марапатталды.

Мусулманбекова Назерке 9 “Ә” сыныбының оқушыларымен “АКТ әдістері негізінде оқушы қызығушылығын арттыру” тақырыбында оқу сағатын өтті. Б. Майлиннің “Шұғаның белгісі” хикаясын АКТ әдестері арқылы талдады. Quizizz, Padlet, Plickers, QR бағдармаларын қолданды. Соңында “Сабақта қолдануға болатын АКТ бағдарламалары” үлестірме қағаздары келген қонақтарға таратты.

         Семинар ортасында  мектеп психологы Саркина Жұлдыз  ұстаздарға жағымды көңіл күй сыйлау мақсатында WorkShop  ұйымдастырды. “Рефрейминг” әдісі негізінде оқушыны тану мақсатында кейстармен жұмыс жүргізілді. Кейстарда транзакция, анамнез толық берілді, мұғалімдер оқу мотивациясын арттыруға не кедергі, шешу жолдарын көрсетті. Соңында ұсыныстар беріліп, қорытындыланды.

         Тәжірибие алмасу бағытының  «Зерттейміз» бөлімінде Макишева Тлеухор Куанышовна «Оқуға құштар ұлт» жобасы аясында мектебімізде атқарылып жатқан «KITAP LEND» жобасы, «76-мектептің – 76 жобасы», «Кітап пирамидасы» жобалары туралы, осы жобалардың іске асу мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралары туралы толықтай таныстырды. Және де осы жобалардың  нәтижесінде оқушыларымыз өзінің  оқыған шығармалары бойынша  жазған  зерттеу жұмыстары көрсетті.

Уткельбаева Гульмира Калжатаевна жетекшілік еткен 8 «В» сынып оқушысы Ақылтаева Мадина І.Есенберлиннің «Махаббат мейрамы» шығармасын оқып болғаннан соң , шығармаға өзінің жасаған талдауымен бөлісті. Шығармадағы мақал-мәтелдерді тауып, олардың қолданылуына жүргізілген зерттеуімен  таныстырып өтті.

        Берденова  Шынаркул Кенжалиевнаның 9 «Ә» сынып оқушысы  Әшірбекова Алуа Ә.Кекілбаевтың “Ханша-Дария хикаясы” көркем туындысының лексика-фразелогиялық ерекшеліктері тақырыбында жоба қорғады. Жоба мақсаты жазушының баға жетпес тіл байлығын танытқан сөздерді теріп, мағынасын ашып,жазушының кейіпкер сомдаудағы жазушылық сөз өрнегі оның лексикалық бірліктерді қалай қолданғанын айта келе, шығармадан тарихи сөздер, кірме сөздер, диалект сөздер, дисфемизм сөздер фразелогизм сөздерді теріп, мысалдар жинап, мағынасын ашып, ғалымдар тұжырымдамаларына сүйеніп, белгілі топтарға топтастырғанын айтып, түйін жасады.

Макишева Тлеухор Куанышовнаның  9 «Б» сынып оқушысы  Әзірбек Еркеназ «Lapbook»  әдістемелік құралын пайдалана отырып  Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесіне талдау жасады. Бейімбет Майлин туралы білімін тереңдете отырып, шығармадағы кейіпкерлерді талдады. Сол замандағы  жастардың бас бостандығына ерік бермей, қасіретке ұшыратқан ескі дәстүрлерді сынай отырып, жастардың бас азаттығын көксеу, бұған кедергі келтіретін әдеттерді  XX ғасыр басындағы демократиялық қазақ әдебиетіндегі басты сарындардың бірі екендігіне тоқталды. Ескі мен жаңа заманды салыстыру барысында қазіргі жастар өз еріктерімен өмір сүруге дағдыланғандығы, үлкендердің рұқсатын алмай-ақ, қанша қарсы болғанына қарамастан, жеке тұжырымдарын ұстанатындығы туралы талдай отырып, ойын қорытындылады.

Конысбаева Улдар Жантасовнаның 11-сынып оқушысы Сакен Эльнура  «Lapbook»  әдістемелік құралын пайдалана отырып, проза  жанрына шебер қалам тартқан,  қоғамдағы өзекті мәселенің бетін ашып көрсете білген жазушы Ерболат Әбікеннің «Пәтер іздеп жүр едік» шығармасы бойынша талдау жұмысын ұсынды. Шығармадағы кейіпкерлер бейнесіне, автор стиліне талдау жасады. Баспана мәселесіне қалам тартқан отандық ақын-жазушылардың шығармаларымен салыстыра отырып, шығарманың қоғаммен байланысына тоқталды.      Қатысушылар семинардан кейін түйген ойларымен бөлісіп, алғыстарын білдірді. Padlet тақтасы арқылы кері байланыс берді. Іс-шараны ұйымдастырған Білім беруді жаңғырту орталығының әдіскері Маманова Жанар Сейдахметқызы семинардың қорытындысын жасап, іс-тәжірибесімен бөліскен ұстаздарды алғыс хаттармен марапаттады.

Жауап беру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.