«Оқыту мен оқудағы жаңа әдіс-тәсілдер» тақырыбында қалалық вебинар

2022 жылғы қаңтардың 27-сі күні Нұр-Сұлтан қаласының №77 мектеп-гимназиясы және Білімді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде оқыту мен оқу тәжірибесіндегі жаңа тәсілдердің тиімді жақтарын көрсету, жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану тәжірибелерімен алмасу мақсатында «Оқыту мен оқудағы жаңа әдіс-тәсілдер» тақырыбында қалалық вебинар өтті.

Аталмыш іс-шараның ашылуында №77 мектеп-гимназиясының мектеп директорының бейіндік оқыту бойынша орынбасары Д.М. Шахидулла «Тиімді оқыту: оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер арқылы сабақты тиімді ұйымдастыру» тақырыбы бойынша сөз алып,  мектептің іс-тәжірибесі туралы айтып өтті. Онлайн түрінде өткен вебинардың тәжірибелік бөлімі одан әрі ZOOM платформасында  5 секция залдарына бөлініп,  жалғасын тапты.

1-секцияда «Оқытудың әр кезеңінде интербелсенді әдіс-тәсілдерді түрлендіре қолдану жолдары» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер Имакова Лаура Оспановна сабақта проблеманы анықтау, шешу, нәтижеде қолдану кезеңдерінде сәтті жасалған әдістер мен тәсілдері туралы айтып, тәжірибеде қолданып жүрген әдістерін көрсетті. Сонымен бірге мұғалімнің АКТ құзіреттілігін жетілдіре отырып, жаңа платформалар мен бағдарламаларды қолдану тиімділігі жайында өз тәжірибесімен бөлісті. Секцияға қатысушылар секция жұмысына жоғары баға берді.

 2-секцияда «Үздік сабақтың алты белгісі» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Мнажадинова Гүлжаһан Телағысқызы сабақта қолданылатын түрлі әдіс-тәсілдерге кеңінен тоқталып, қатысушылардың сауалдарына жауап берді, кері байланыс орнатты.

3-секцияда «Тілдік дағдыларды дамытатын тиімді әдіс-тәсілдер» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Байменова Меруерт Пердебаевна «Оқытуда тілдік дағдыларды дамыту қаншалықты маңызды?» сұрағының төңірегінде қатысушылардың пікірін тыңдап, толықтыратынын, оқушы бойындағы тілдік дағдыларды дамытатын тапсырма түрлеріне тоқталды.Төрт дағдыға жеке-жеке тоқталып, өз сабағында өткен әдіс- тәсілдерімен бөлісіп, оқушылармен өткізген сабағынан бейнеролик тамашалатты. Қатысушылармен бірге де бірнеше әдіс-тәсілдер орындалды. Вебинар соңында қатысушылар тілдік дағдыларды дамытатын әдіс-тәсілдер туралы кері байланыс жасады.

4-секцияда «Диалогтік оқытудың тиімділігі» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-модератор Кайыргалиев Берик Сатыбалдиевич диалогтік оқытудың әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы білім деңгейін көтеру, диалогтік оқыту арқылы оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамыту, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру, жалпы диалогтік оқытудың тиімділігі туралы ақпарат бере отырып, өзінің іс-тәжірибесімен бөлісті.

5-секцияда «Жаңарған тиімді әдістерді сабақ барысында қолдану тәжірибесі» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-сарапшы Қожакелдиева Лаура Аманкелдиевна   сабақтың мақсатына жету барысында тиімді әдіс-тәсілдерді қандай мақсатта қолдану тәжірибесімен бөлісті. Ол:

1. Бүгінгі сабақта не біледі, не білді, не білу қажет екенін ұғындыру үшін;

2. Жаңа білімге баланы ынталандыру үшін;

3. Оқушыны белгілі бір көлемде алатын білім, білік дағдыларын қалыптастыру үшін;

4. Оқушының өзін-өзі бағалауы үшін қолданылатынын айтты. Вебинар соңында  қатысушылар Padlet  тақтасында кері байланыc беріп,   іс-шараны  ұйымдастырған Білім беруді жаңғырту орталығына, №77 мектеп-гимназия әкімшілігіне, тәжірибе алмасқан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне алғыстарын білдірді.

Жауап беру