«СЫН ТҰРҒЫСЫНАН ОЙЛАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТ ПӘНІНДЕ ҚОЛДАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ» ҚАЛАЛЫҚ ВЕБИНАР

2022 жылғы ақпанның 11 күні Нұр-Сұлтан қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен қазақ тілі мен әдебиет пәнін оқытуда  сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолданудың тиімді жақтарын көрсету, мұғалімдердің озық іс-тәжірибелерімен бөлісу мақсатында  «Сын тұрғысынан ойлау технологиясын қазақ тілі мен әдебиет пәнінде қолданудың тиімділігі» тақырыбында қалалық вебинар өтті.

Вебинар ZOOM платформасында әдіскер Жанар Сейдахметқызының жетекшілігімен және модератор, қалалық Шығармашылық топ жетекшісі Маржан Жолаубайқызы басшылығымен жүргізілді. Іс-шараға қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысты.

Вебинар барысында бірінші сөз алған спикер №67 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Смағұлова Сандуғаш Жеңісқызы Сын тұрғысынан ойлау технологиясының негізгі ерекшеліктері мен оқушыларды ойлауға жетелеп, қызығушылығын оятып, шығармашылық қабілеттерін арттыруға, белсенділікке ынталандыруға болатын сабақ  құрылымының үш кезеңіне ( қызығушылығын ояту, мағынаны ашу, толғаныс) тоқталып өтті. Сонымен қатар оқушылардың сыни ойлауын қалыптастыратын стратегиялары мен мағынаны ашу стратегияларын, толғаныс стратегияларын жіктеп көрсетті.

Ал, №78 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әбдіқадірова Гүлиза Сарсембайқызы қазақ әдебиеті сабағында Сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолданудың тиімді жолдарын айта келе, оқушылардың сыни ойлау  қабілетін дамыту мақсатында құрастырған тапсырмаларымен бөлісті.

№79 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақшолақова Ляззат Қызырқанқызы оқушыларды еркін сөйлеуге, сөз ұшқырлығын ұштауға, өз ойын қысылмай жеткізе білуге дағдыландыратын, сабақтарында жиі қолданатын тиімді әдіс-тәсілдерді талдай отырып, маңызын аша білді. Сыни ойлау ұстанымдарын жүзеге асыратын мұғалімнің міндеті оқушыны жалпы білім алуға қызықтыру, жетелеу, ынталандыру болса, тәжірибелі ұстаз атаулы технологияның оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырудағы ұтымды жолдарын  талдауымен тыңдаушыларды қызықтыра алды.

 Соңғы сөз алған спикер №81 «Astana English School» гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні Сайдуллаева Индира Қасымқазықызы әдебиет сабағында шығармаларды талдау арқылы оқушылардың сыни көзқарасын қалыптастырудың тиімді жолдарына тоқталды. Вебинар барысында  қатысушылар ZOOM платформасының чатына пікірлерін жазып, кері байланыс жасады, іс-шараны  ұйымдастырған Білім беруді жаңғырту орталығына, тәжірибе алмасқан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне алғыстарын білдірді.

Жауап беру